Қазақ тілі мен әдебиеті / Рефераттар

Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы

Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы (1868-1946) - ақын, әнші, композитор. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының алғашқы мүшелерінің бірі.
Естай (Есмағамбет) Беркімбайұлы

Павлодар облысы Екібастұз ауданының Ақкөл ауылында туған. Анасы Күлипа, нағашысы Байтұлым да әнші болған. Естай Беркімбайұлы олардан көптеген жыр, дастан, толғаулар үйренген. Әнге деген құмарлығы 7-8 жасында-ақ байқалған. 16 жасында Біржан салды тыңдап, ұмытылмастай әсер алады. Осы дидарласу болашақ өнерпазға үлкен шабыт береді.

Сондай-ақ Естай Беркімбайұлы Жарылғапберді, Ақан сері, Балуан Шолақ, Сәтмағанбет, Үкілі Ыбырай, Шашубай сынды әнші-ақындармен бірге үлкен жиындарда (Омбы, Қараөткел, Көкшетау, Қызылжар, Семей, Кереку, Зайсан, Тарбағатай, Жетісу атырабы, Алматы) ән салып, халыққа танымал болады. Естай Беркімбайұлы ақындық, орындаушылық өнерімен қатар шебер композитор ретінде белгілі болған. Оның әндері сал-серілер дәстүрін ілгері дамытты.

Композитордың алғашқы туындысы - «Шолпан қаққан» әні. Оның «Жайқоңыр», «Назқоңыр», «Майда қоңыр», «Қорлан», «Сандуғаш», «Юран-ай», «Бір мысқал», «Ашу - пышақ», «Дүние-ай», «Еркем», «Гүлнарайым», «Қоштасу», «Қаламқас», «Ғашық», «Қаракөз» әндері - қазақ музыкасының алтын қорына кірген. Ал классикалық «Хорлан», «Құсни-Қорлан» әндері  Естай Беркімбайұлының есімін аңызға айналдырды. Бұл әндерді композиторлар М.Төлебаев «Біржан - Сара», Е.Брусилоский «Ер Торғын» операларында, С.И.Шабельский мен Л.М.Шаргородский қобыз бен оркестрге арналған концерттерінде пайдаланған.

Естай Беркімбайұлы кеңестік дәуірде «Туды күнім», «Құрбылар», «Өмір», «Қоңыр жел» әндерін шығарды. Атақты музыка зерттеушісі А.Затаевич Естай Беркімбайұлы әндерін тұңғыш рет нотаға түсірген.

Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Алматыға келіп, музыка зерттеуші әрі композитор Б.Ерзаковичке өз әндерін нотаға түсіртеді. Сол сапарында ол халық ақыны Жамбылмен кездескен. Ақын Қ.Аманжолов әншінің өз аузынан «Хорлан» әнін естіп, «Хорлағайын» атты драмалақ поэма жазған. Естай Беркімбайұлы 1939 жылы Қазақстан Жазушылар одағының 2-съезіне қатысқан. Ұлы Отан соғысы жылдарында ел арасында ән шырқап, халықты жеңіске жігерлендіреді. 1945 жылы ұлы ақын Абайдың 100 жыл толу тойына қатысып, Нұрлыбек, Төлеу, Сапарғали және Нартай ақындармен өнер сайысына түскен.

А.Жұбанов пен Б.Ерзакович Естай Беркімбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы зерттеу еңбектер жазды. Ақын М.Әлімбаев «Естай - Хорлан» поэмасын ақынның өміріне арнаған.
Пікір қалдыру (0)

Пікірлер:

Басқа материалдар: