Қазақ тілі мен әдебиеті

Тіл – тұнық ойдың кәусары

Қазақстан халқының тілдері мерекесіне арналған онкүндік туралы айтып, осы орайда мемлекеттік тілдің рөлін, ана тіліміздің байлығын молынан игерту, тілге деген сүйіспеншілікке, тілді құрметтеп қадірлеуге үйрету...
Тіл – тұнық ойдың кәусары

Сабақтың тақырыбы: Тіл – тұнық ойдың кәусары

Сабақтың мақсаты: Тыңдаушыларға Қазақстан халқының тілдері мерекесіне арналған онкүндік туралы айтып, осы орайда мемлекеттік тілдің рөлін, ана тіліміздің байлығын молынан игерту, тілге деген сүйіспеншілікке, тілді құрметтеп қадірлеуге үйрету, тыңдаушылардың білімі мен біліктілігі арқылы ой - өрісін дамыту, ұшқырлық, ойлау қабілетін шыңдау, шапшаңдық пен нақтылыққа бейімдеу, жаңа әліпбиі бойынша тапсырмалармен жұмыс жасату.

Сабақтың түрі: сайыс сабақ

Сабақтың әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, түсіндіру, әңгімелесу.

Сабақтың көрнекілігі: интерактивті тақта, слайд, үлестірме қағаздар, ребустар, жаңа әліпби

Сабақтың барысы

1. Ұйымдастырукезеңі.

Жүргізуші: Тіл – адамзат баласына тән ғажайып құбылыс. Адамзат қоғамының аясында халық, ұлт және оның тілі жүздеген, мыңдаған жылдар бойы қалыптасады. Әр ел өз тілі арқылы әлемді, дүниені, өмірдің құнды тағылымдарын таниды да, келешек ұрпақтарына жеткізеді. Тіл - халық тарихы, тіл - ұлттық қазына, тіл - біздің намысымыз, арымыз, байлығымыз, барымыз.

Қымбат маған ана тілім, бал тілім,
Қымбат маған дана тілім, ар тілім.
Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма,
Ана тілім ардақ тұтар алтыным.


Тіл мерекесіне байланысты өткізгелі отырған «Тіл – тұйық ойдың кәусары» атты сайыс сабағымызға қош келдіңіздер! Сайыс сабағымыз

5 - кезеңнен тұрады. Әр кезең бойынша сайыскерлердің жауап берулеріне байланысты 1 - 5 ұпайлармен бағаланады.
Сайысты бағалайтын әділқазы алқасымен таныстыру.
1 - кезең «Адасқан әріптер»
2 - кезең «Бәйге» (сұрақ - жауап)
3 - кезең «Тауып көр»
4 - кезең «Мақал - мәтелдер» (орыс тіліне аудару)
  5 - кезең «Сөз тапқанға қолқа жоқ»

Жүргізуші:

Беташарын сайысымыздың бастайық,
Көрерменді бір серпілтіп тастайық.
Таныстырсын сайыскерлер өздерін,
Өнеріне ду қол соғып қостайық.
1 - кезең: «Адасқан әріптер» бұл кезеңде қатысушыларға сөйлем беріледі, сөйлемнен мақал - мәтел құрулары тиіс және топтың атын анықтау керек.

1. Қысдытоңт, ітл, талны, прікөі. (Тіл – достықтың алтын көпірі)

Топтың аты «Достық»

1. Ітл, үріжкй, месе, йо, үріжкй. (Тіл жүйрік емес, ой жүйрік)

Топтың аты «Жүйрік»

Жүргізуші: Ал, енді екі топтың аты белгілі болды. Екінші кезеңге көшейік.

2 - кезең «Бәйге» бұл бөлімде сайыскерлер логикалық сұрақтарға нақты, әрі тез жауап берулері тиіс. Әрбір дұрыс жауап – 1 ұпай. Сұраққа жауап беру уақыты – 1 минут

Қойылатын сұрақтар:

1. Айгерімнің әкесінде 3 қыз бар: Гүлсая, Жансая және …..?

Айгерім

1. Астанадан Қарағандыға жету үшін 2 сағат 30 минут қажет. Ал Қарағандыдан Астанаға қайтуға 150 минут керек. Неге олай?

150 минут = 2 сағат 30 мин

1. Қай сөз әрдайым дұрыс болып естіледі?

Дұрыс

1. Ол сізге тиесілі, бірақ адамдар оны сізден жиі қолданады?

Сіздің есіміңіз

1. Жабық көзбен нені көруге болады?

Түсті

1. Тауық өзін құспын деп айта ала ма?

Жоқ, ол сөйлей алмайды

1. Жаңбыр екі күн қатарынан жаууы мүмкін бе?

Жоқ, өйткені олардың арасында түн бар.

1. Автобус ауылға жүріп келе жатыр. Ол қарама - қарсы бағытта келе жатқан 3 автокөлікті көрді. Ауылға неше көлік бара жатыр?

1

1. Саябақтың ішінде 6 орындық тұр. Оның екеуін бояп қойды. Саябақта неше орындық қалды?

6

1. Адамдар бір аяқ жолмен 15 минутта жетеді. Ал 3 адам бұл жолды қанша уақытта өтеді?

15

1. Термометр 15 градусты көрсетіп тұр. Дәл осындай екі термометр неше градусты көрсетеді?

15

1. Жаңбыр жауғанда кімнің шашы суланбайды?

Тақырбас адамның

14. Сиыр неге жерге жатады.

Өйткені, отыра алмайды.

Жүргізуші:

Қуан халқым, күшіне енді «Тіл заңы»
«Сүйінші» деп ақын ұлың жырлады.
Ел елдігі бағаланар тілімен,
Сол арқылы құлпырады гүл бағы.
  Сайысымыздың келесі бөлімі «Тауып көр» деп аталады.
Мультимедиялық тақтадан:


(Тіл – қылыштан өткір)


(Ел құлағы елу)

(Оқу инемен құдық қазғандай)


(Жеті рет өлшеп, бір рет кес)


(Тіл тас жармаса да, бас жарады)


(100 теңгең болғанша, 100 досың болсын)


(Білім - алтын қазына) (Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің)


(Мектеп – кеме, Білім – теңіз)

Жүргізуші: 4 - кезең: «Сөз - мәйегі мақал» деп аталады.
Берілген мақал - мәтелдің орысша баламаларын табыңыз.
 1. Жолдасы көптің - олжасы көп (Друзей много - шире дорога)
2. Отансыз адам - ормансыз бұлбұл (Человек без Родины, что соловей без леса)
3. Отан оттан да ыстық (Родина горячее огня)
 4. Өнер алды – қызыл тіл (Красноречие – самое высокое искусство)
5. Ел іші - алтын бесік (Родная земля - золотая колыбель)
 6. Айна - айна емес - халық айна (Народ как зеркало)
 7. Күш білімде (Сила в знании)
 8. Айтылған сөз атылған оқпен тең (Сказанное слово как выпущенная пуля)


 

СЕРГІТУ СӘТІ «ТҮСІН МЕНІ» ОЙЫНЫ
Жүргізуші: Енді біраз тілге байланысты қызықты ақпаратқа көз жүгіртейік.



Әлемде 6500 - ге жуық тіл бар. Оның ішінде 2000 тілге құрып кету қаупі төніп тұр.



«Ана» («мама») сөзі әлемнің көптеген тілінде «М» әрпінен басталады.



Папуа - Жаңа Гвинея тұрғындары 700 - ге жуық тілде сөйлейді. Бұл шамамен әлем тілдерінің 15 пайызын құрайды. Ал ауылдағы адамдармен араласу үшін тағы көптеген диалектілер қолданылады.



Ағылшын тіліндегі ең ескі сөз – «town».



Басқа елдерге қарағанда Азия мен Африкада әртүрлі тіл көп.



Суахили – араб тілі, португал тілі, африка тілінің бірігуінен туған тіл.



Латынның «W» әрпі алфавитінде жоқ.



Халықаралық Эсперанто тілін 1887 жылы варшавалық дәрігер Л. Заменгоф жасаған.



Гавай әліпбиінде тек 12 әріп бар.



Ең көне әліпбилерден өзгермей сақталып келе жатқан әріп – О.


Ана тілім - күшім менің қуатым,
Жырым сендік жүрегімнен туатын.
  Тауысар ма ырысыңды, қорыңды.

Тізерлесіп қатар жазса мың ақын - деп сайысымыздың соңғы бөліміне де келіп жеттік.

5 - кезең «Сөз тапқанға қолқа жоқ» деп аталады. Бұл кезеңде екі тапсырма болады.

1) Берілген тұрақты сөз тіркесінің мағынасын ашып, жауабын жаңа әліпбимен жазу.

Тілінен бал тамған (шешен)

Тілді үйіреді — (тәтті)

Тіс жармау – ( айтпау)

Бармағын тістеді – (өкінді)
Бас білдіру – (үйрету)
  Бас изеді – (келісу)

Күн құрғатпай келді – (кешікпеді)

Тайға таңба басқандай – (анық)

Ит өлген жер – (алыс)

Таяқ тастам жер – (жақын)

Жерден жеті қоян тапқандай – (қуану)

Төбе шашы тік тұру – (қорқу)

Тауыққа тары шашқандай – (аз)

Аузын ашса жүрегі көрінеді – (ақкөңіл)


2) Бір минут ішінде жаңа әліпбиде жазылған мәтінді оқып шығу.


«Достық» тобына

Til — adam janynyń tilmáshi. Tilsiz ult, tilinen aıyrylǵan ult bolyp jasaı almaq emes, ondaı ult qurymaq. Ultynyń ult bolýy úshin birinshi shart — tili bolýy. Ulttyń tili kemı bastaýy ulttyń qurı bastaǵanyn kórsetedi. Ultqa tilinen qymbat nárse bolmasqa tıisti. Bir ulttyń tilinde sol ulttyń jeri, tarıhy, turmys, minezi aınadaı ashyq kórinip turady. Qazaq tilinde qazaqtyń sary saıran dalasy birese jelsiz túndeı tymyq, birese quıyndaı ekpindi tarıhy, sary dalada údere kóshken turmysy, asyqpaıtyn, saspaıtyn sabyrly minezi — bári kórinip tur. Qazaqtyń sary dalasy keń. Tili de baı. Osy kúngi túrik tilderiniń ishinde qazaq tilinen baı, oralymdy, tereń til joq. Túrik tilimen sóıleımiz degen túrik balalary kúnderde bir kún aınalyp qazaq tiline kelmekshi, qazaq tilin qoldanbaqshy. Kúnderde bir kún túrik balalarynyń tili birikse, ol birikken tildiń negizi qazaq tili bolsa, sóz joq, túrik tiliniń keleshek tarıhynda qazaq ulty qadirli oryn almaqshy. Keleshektiń osylaı bolýyna bizdiń ımanymyz berik”.
 Maǵjan Jumabaev


«Жүйрік» тобына

Qazaq tili – óziniń dalasyndaı keń pishilgen jaıdary da jalpaq til. Oǵan qysylyp - qymtyrylý, erin ushynan shúldirlep - byldyrlaý múlde jat. Qazaq neni aıtsa da aýyzdy toltyryp aıtady. Qazaq sózi qashanda dalanyń qońyraý jelindeı erkin esip turady. Qazaq tiliniń bıazy maqamy – dombyranyń kúmbir qaqqan sazyndaı. Asqaq áýendiligi shyrqap salar ánindeı. Sheshenderden shyqqan qara sózdiń ózinde óleńge bergisiz kelisim, ishteı úılesken yrǵaq bolady. Sóz ben sóz, dybys pen dybys ózara uıqasyp, jymdasyp jatady. Tyńdaýshysyn birden uıytyp áketetin osy úndestik pen ásem yrǵaq qulaq túbine hrýstaldaı syńǵyrlap, qazaq tilin sulý da sıqyrly etip kórsetedi. Keıde qazaq bolyp týǵanyń úshin jáne álemdegi eń baı, eń sulý tilde sóılegeniń úshin ózińdi baqytty sezinesiń.
 Qabdesh Jumadilov


Жүргізуші: Міне сайысымыз да өз мәресіне таяп қалды. Терең ойды аядай қалыпқа сыйғызып, «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін» жинақтап, сайысымызды қорытындылап6 жеңімпаз топты анықтау үшін қазылар алқасына сөз кезегін береміз.(Әділқазы алқалары жеңімпазды анықтайды, сайысқа қатынасқан топтарды марапаттайды).

Жүргізуші: Міне осылайша «Тіл – тұйық ойдың кәусары» атты сайысымызда өз мәресіне де келіп жетті. Тіл әр ұлттың қайталанбас байлығы. Тіл бар жерде ұлт та, ел де, жер де болмақ. Тілден артық қазына, тілден артық қасиет жоқ екеніне көз жеткіздік.

Құтты болсын бәріңе,

Тілдер күні - мереке!

Қазақстан жерінде

Болсын бірлік, береке

Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп - көп рахмет!

Ақмола облысы Бурабай ауданының мәдениет

және тілдерді дамыту бөлімінің

«Тілдерді оқыту орталығы» КММ

оқытушысы Шакаримова Гүлнар Кеңесқызы



Пікір қалдыру (0)

Пікірлер:

Басқа материалдар: