Сабақ жоспарлары / Қазақ тілі мен әдебиеті

Әдебиет пәнінен 9 сыныпқа арналған сабақ жоспарлары

Әдебиет пәнінен 9 сыныпқа арналған сабақ жоспарлары: 1,2,3 - тоқсанға арналған. 
Әдебиет пәнінен 9 сыныпқа арналған сабақ жоспарлары

Тақырыбы: Лиро-эпостық жырлары. «Қыз Жібек» жыры

Мақсаты:Білімділік:Оқушылардың лиро-эпостық жырлар жөніндегі түсініктерін кеңейту. «Қыз Жібек» жырының шығу тарихы туралы зерттеулерден   мағлұматтар беру;
 Дамытушылық: Оқушылардың білім, білік дағдыларын дамыта отырып, шығармашылық қабілеттерін арттыру;
Тәрбиелік: Жыр тарихы арқылы тарихын,әдебиетін,мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу;
Әдісі: баяндау,конспектілеу,әңгімелесу, сұрақ-жауап
Сабақтың түрі: дәстүрлі
Сабақ барысы:
I . Ұйымдастыру кезеңі
Оқушыларды сабақ процесіне дайындау
II.  Үй тапсырмасы 
«Ер Тарғын» жырынан сынақ-жаттама
Қыз балалар: Ақжүністің бейнесін жаттау
Ұл балалар: Тарғынның монологынан үзінді жаттау
 Қайталау сұрақтары:
                            Әдебиет теориясы:
                              Гипербола деген не?
                             Литота деген не?
                             Шендестіру (антитеза) деген не?
ІІІ. Жаңа сабақ   
 «Ой қозғау» 
Лиро-эпостық жырлар                                  Батырлар жыры
1. Басты кейіпкері – қарапайым адам  - батыр 
2. Тақырыбы: екі жастың махаббаты   - елін, жерін жаудан қорғау
3. Тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы,               - батырдың ерлік істері
адамның ішкі сезімі                              
«Қыз Жібек» жыры – өзек болған оқиға Төлеген мен Қыз Жібектің арасындағы шынайы махаббат.
   2007 жылғы қарашада ЮНЕСКО өзінің кезекті сессиясында "Қыз Жібек" жырын 2008 жылдың мерекелік күнтізбесіне енгізіп, оның 500 жылдығын атау туралы шешім қабылдаған болатын.
Ал, енді неге 500 жыл деген сұраққа келейік. Оның сыры мынада. Қазақ фольклорының құрамында басқа халықтарға да тән шығармалар бар. Мәселен, "Алпамыс батыр", "Қозы Көрпеш-Баян сұлу", "Қорқыт ата" "Көрұғлы" деген сияқтылар. Олардың кейбірі - ауыс-түйістің нәтижесі, ал енді біреулері - түркі халықтарының туыстығынан көбісіне ортақ. Сондайлардың қатарына "Алпамыс батыр" мен "Қозы Көрпеш-Баян сұлу" жырлары жатады. Бұл екеуінің түпкі, ең әуелгі сюжеті сонау VІ-VІІ ғасырларда, яғни Түркі қағанаты кезінде, көптеген түркілік ру-тайпалардың бір ел болып тұрған шағында пайда болған. Кейінгі замандарда Түркі қағанаты ыдырап, ағайын тайпа-руларға бөлініп, өзді-өзіне кеткенде алғашқы сюжетті әрқайсысы өзімен бірге ала кеткен де, өзінше жырлап баяндаған. Сөйтіп, бір кездегі ортақ сюжет әртүрлі версия туғызған, бірақ бастапқы оқиға-сарын сақталып қалған. Екінші сөзбен айтқанда, "Алмапыс" пен "Қозы Көрпештің" әдепкі сюжеті осыдан 1000-1500 жыл бұрын пайда болған. Бұл ғылымда дәлелденіп, мойындалған ақиқат.
Ал, "Қыз Жібекке" келсек, жағдай басқаша. Ең алдымен айтатын нәрсе - бұл жыр басқа ешбір елде жоқ. Демек, бұл жыр - тек қазақ халқынікі. Олай болса, "Қыз Жібек" жыры қазақ жұртының жеке мемлекет болып, оңаша өмір сүрген шағында пайда болған деп айтуға негіз бар. Басқаша айтқанда, "Қыз Жібек" жыры Қазақ хандығы тұсында қалыптасқан деп айта аламыз. Осы ойымызға қатысты аса көңіл бөліп айтатын бір жағдай бар: әңгіме "Қыз Жібек" жырының бізге жеткен көркем үлгісі жайында емес, ең бастапқы сюжеті туралы және ол сюжеттің қашан, қалай әдемі эпосқа айналғаны хақында болып отыр.
Бәріміз жақсы білеміз, "Қыз Жібек" жыры екі бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде Төлегеннің Жібекке үйленуі әңгімеленсе, екінші бөлімде Жібектің Сансызбаймен қосылғаны баяндалады. Екі бөлім - екі оқиғаны жырлайды, бірақ сюжет біреу: жігіттің үйленуі.
"Қыз Жібек" эпосында айтылмыш екі сюжет қатар пайдаланылған: Төлеген мен Жібектің қосылуы - ғашықтық жырда айтылатын сүйіспеншілікпен үйлену болса, Жібек пен Сансызбайдың қосылуы - батырлық жырға сәйкес қаһармандықпен үйлену. Демек, бір жырда әр дәуірде пайда болған, өзінше жеке жырланған екі сюжет біріккен. Осы бірігу қай кезде жүзеге асқан? Біздіңше, Қазақ хандығы тұсында жүзеге асқан сияқты. Рас, дәл пәлен жылы деп кесіп айту мүмкін емес. Әйтеуір, Қазақ хандығы пайда болып, қазақ елі жеке өмір сүріп, өзіндік мәдениет жасаған заманда екені анық. Бұл - ХV, болмаса ХVІ ғасыр. Егер қазақтың өз мемлекеті ХV ғасырдың ортасында құрылған болса, "Қыз Жібек" жырының тұтас түрі сол ғасырдың соңында немесе ХVІ ғасырда шыққан деп қорытуға болады. Міне, біздің бірнеше жыл бойы жазып, дәлелдегенімізді ЮНЕСКО қабылдап, "Қыз Жібек" жырының шыққан уақыты 1508 жыл деп шешкен себебі - осы. Әрине, бұл да белгілі дәрежеде шартты, себебі жырдың біртұтас шығармаға айналған мезгілі ұзақ болған, ол бірден үлкен эпосқа айналмаған.
"Қыз Жібек" эпосын махаббат гимні деудің әбден жөні бар. Оның нағыз көркем туындыға айналу процесі жүріп жатқан кезде, яғни ХVІ-ХVІІІ ғасырлардағы қазақ қоғамында жеке бастың, сезімнің бостандығы, махаббат еркіндігі туралы мәселе мұндай деңгейде ашық айтыла бермеген, ескі рулық заманның неке мен отбасына қатысты ежеқабыл, қалыңмал, көп әйел алу, әмеңгерлік сияқты салттары үстем болған. Солай бола тұрса да, "Қыз Жібек" жырының шығуы сол дәуірдің өзінде-ақ халықтың идеал туралы эстетикалық пайым-түсінігінде белгілі бір дәрежеде өзгеріс болғанын айғақтайды. Төлегеннің де, Жібектің де өзіне лайық жар іздеуі, сүйіспеншілікпен үйленуді көздеуі - сол кезеңдегі жастардың ойында, көкірегінде жүрген арманын, мұңын, тілегін аңғартады. Жырдың ел арасында кең тарағанының бір себебі осында болса керек.
Осы сюжет өте ерте заманда пайда болған. Оны ежелгі ертегіден де, көне эпостан да көреміз. Қай халықтың байырғы ертегісі мен эпосын алсақ та, әңгіме жігіттің үйленуі туралы. Рас, фольклорда жігіттің үйленуі екі түрлі жолмен болады. Бірінде ол ерлік жасап, қаһармандықпен үйленеді, екіншісінде - ғашықтық дертіне ұшырап, азап шегіп, сүйіспеншілікпен үйленеді. Осының алғашқысы - ең ескі деп саналады да, соңғысы - кейінгі замандардың жемісі деп есептеледі. Қаһармандықпен үйлену сюжеті - батырлар жырында айтылады, ал іңкәрлікпен үйлену сюжеті - ғашықтық жырда әңгімеленеді.
Фольклортану ғылымының дәлелдеуі бойынша, ежелгі ертегі мен көне эпосқа негіз болған жігіттің қаһармандықпен үйлену сюжеті - есте жоқ ескі заманда, рулық ілкі кезеңде пайда болған, ал ғашықтықпен үйлену сюжеті - рулық қауымның феодалдық қоғамға көшкен тұсында дүниеге келген. Ендеше, Жібекке қаһармандықпен үйленген Сансызбай туралы сюжет - байырғы да, Төлеген мен Жібектің ғашықтығы - кейінгі дәуірде туған. Бұл екеуінің орны ауысып келуі - фольклор поэтикасына және қоғам талабына сәйкес құрылған композиция. Мұндай өзгеріс бертінгі заманда болған, яғни ХVІІ-ХVІІІ ғасырдың жыршылары өздерінен бұрынғы уақытта біріккен екі сюжетті жүйелеп, біркелкі етіп түзген, ширатқан, көркемдеген. Соның арқасында "Қыз Жібек" жырының бізге жеткен нұсқасы жасалған, ал бұл ХVІІІ-ХІХ ғасырда болған процесс еді. Сөйтіп, өте ерте заманда пайда болған жігіттің үйленуі туралы сюжет ұзақ уақыт даму жолынан өтіп, ХVІ ғасырда "Қыз Жібек" жырының алғашқы нұсқасына негіз болған. Кейінгі ғасырларда бұл жыр өте көркем эпосқа айналып, жыршыдан жыршыға көшіп, көркемделіп, біздің заманымызға жеткен.
ІҮ. Бекіту
  1. «Қыз Жібек» жыры неге қазақ халқына ғана тән?
  2. Жырдың тақырыбы мен идеясы
Ү.Үйге тапсырма
«Қыз Жібек жырын» оқып,талдауға дайындалып келу.
Жыр туралы тың деректер іздестіру.
ҮІІ. Бағалау

Онлайн жүктеп алу:

Пікір қалдыру (0)

Пікірлер:

Басқа материалдар: