Қазақ тілі мен әдебиеті

Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам адам болып»

Сабақтың мақсаты: 1/Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы білім беру, өлеңдерінің идеясын ашу, өлеңді нақышына келтіре отырып негізгі түйінің табу....
Сұлтанмахмұт Торайғыров «Шығамын тірі болсам адам болып»

Сыныбы: 6 - сынып. Қазақ әдебиеті.
Сабақтың тақырыбы: С. Торайғыров. «Шығамын тірі болсам адам болып»
Сабақтың мақсаты:
1/Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі мен шығармашылығы туралы білім беру, өлеңдерінің идеясын ашу, өлеңді нақышына келтіре отырып негізгі түйінің табу.
2/Оқушылардың қоғамға деген өзіндік көзқарасының қалыптасуына ықпал ете отырып, тіл байлықтарын дамыту. Ізденімпаздық қасиеттерін қалыптастыру.
3/Өлең арқылы оқушылар бойында жауапкершілік сезімін ояту, адамгершілікке, азаматтыққа, ішкі рухани тазалыққа тәрбиелеу.
Сабақтың түрі: аралас сабақ
Әдіс - тәсілдері: сұрақ - жауап, СКТ, Сыни тұрғыдан ойлау стратегиясы, талқылау
Көрнекілігі: слайдтар, интерактивті тақта, кестелер.

Сабақтың барысы.
Ұйымдастыру. Оқушылар назарын сабаққа аудару.
Үй тапсырмасын сұрау.
Жаңа сабақ.
а/- Сұлтанмахмұт кім?
- Қандай еңбегін білесіңдер?
ә/Топтастыру стратегиясы. (1 - слайд)

Мұғалімнің кіріспе сөзі./Өлеңнің шығу тарихымен таныстыру/Интернет желісі арқылы интерактивті тақтадан С. Торайғыров өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян жүріп жатады. (2 - слайд)

- ХІ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында әдебиет әлеміне тың ой әкелген бірнеше біртуар тұлғалар бар. Олар шығармаларының тақырыптық маңыздылығымен, көркемдік шешімдерімен, жанрлық ерекшеліктерімен дараланады. Қазақ халқының рухын аспандата келген оптимистік көзқарастағы ақын - жазушылар көші Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басталады. С. Торайғыров - халқымыздың ой тілегін білдіріп, көзін надандықтан ашуды арман еткен. Ақын өз атынан сөйлей отырып, сол дәуірдегі ұрпақтың мұрат - мақсатын, арман - аңсарын жырға қосады.

XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Екі жасында шешеден жетім қалған Сұлтанмахмұттың балалық шағы Баянауылда өтеді. Алты жасында - хат таныған Сұлтанмахмұт 1908 жылы Баянауылда Әбдірахман молданың медресесінде екі - үш жыл, 1911 жылы жаңаша оқыған Нұрғали деген мұғалімнен бір қыс оқиды. Пән негіздерін үйреніп, білімге деген ынтасы артқан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларға барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоқтығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды. Бірақ оптимист Сұлтанмахмұт өз бетімен ізденіп көп оқыды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болды, сөйтіп заманының оқымысты жастарының біріне айналды. Сұлтанмахмұт Торайғыров жасында жабысқан дерт кеселінен 27 жасында қайтыс болды. Аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист - ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті.

Кесте. Тірек сызба (3 - слайд)
Өлеңдері
Поэмалары
Прозасы
«Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы» «Анау - мынау», «Жарлау», «Бір адамға», «Бұлар кім?» т. б «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», «Қайғы», «Қамар сұлу»,«Кім жазықты?» «Ауырмай есімнен жаңылғаным»

« Шығамын тірі болсам адам болып»өлеңінің шығу тарихына тоқталу.
Бұл өлеңді ақын өзінің ұстазы Нұрғалиға арнаған. Өзінің досы, туысы Шайбай Аймановқа хат арқылы жолдаған. Өлең 1913 жылы жазылып, 1922 жылы Қазан қаласында «Адасқан өмір»кітабында жарияланған. С. Торайғыровтың «Шығамын тірі болсам, адам болып» өлеңіндегі лирикалық қаһарман – ақынның өзі, яғни ақынның тұлғасы танылып тұр. Лирикалық шығармаларда ақын тұлғасы өлең кейіпкерімен тұтасып, кірігіп кетеді. Ақын өз атынан сөйлей отырып, сол дәуірдегі ұрпақтың мұрат - мақсатын, арман - аңсарын, сезім - күйін жырға қосады./Өлеңді оқушыларға мәнерлеп айтып беремін.
Интерактивті тақтадан өлең сөзі шығып тұрады. (4 - слайд)

Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиҺанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.
Мен балаң жарық күнде сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп өз - өзіме еткем егес.

Кітаппен жұмыс. 1 - 2 оқушыға мәнерлеп оқыту.
Топтық жұмыс. С. Торайғыров. «Шығамын тірі болсам адам болып» Өлең құрлысына Сатылай кешенді талдау жасау. (5 - слайд)
1. Авторы - С. Торайғыров.
2. Тақырыбы - Адамдық
3. Жанр түрі - өлең
4. Идеясы - Білім - ғылымға, өмірге деген құштарлық
5. Шумақ - 3
6. Тармақ - 4
7. Бунақ саны - 3 бунақты
8. Буын саны - 11
9. Ұйқас - а/а/б/а/- қара өлең ұйқасы
10. Әдеби - теориялық ұғымдар - эпитет, теңеу - Көрде тыныш жату,
жарық күнде сәуле қуған,
алуға күнді барып белді буған,
толған айдай балқып туған,
ойында оты барлар, надандықты тебу
Абайдың он жетінші қара сөзінің мәтіні көрсетіліп, Сұлтанмахмұт идеясымен үндестігін тану. (5 - слайд)

ВЕНН ДИАГРАММАСЫ

Ой сергіту. Оқушылар өз ойын білдіріп, ашық пікірлеседі (4 - слайд)
Осы өлеңнің мазмұны қалай әсер етті?
Кім болуды армандайсыңдар?
Ақынның айтайын деген ойы не?
Мұғалімнің қорытынды сөзі:
- С. Торайғыров ХХ ғасырдың басындағы қоғамдық саяси және тарихи - әлеуметтік оқиғаларға және қазақ жерінің өзгерістерге өзінің азаматтық ақындық үнін қосқан талантты қазақ ақындарының қатарына жатады. Сұлтанмахмұт қазақтың жыр - дариясын құрайтын үлкен, асау арналы өзеннің бірі болып қалмақ. Ол халық жүрегінен құрметті орын алады.

Үйге тапсырма.
«Кім болам»тақырыбына эссе жазу
Бағалау.

Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы селосы
Х. Досмұхамедұлы атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Арыстанғалиева Анар Алтыбайқызы
Пікір қалдыру (0)

Пікірлер:

Басқа материалдар: