Әдістемелік көмек / Қазақ тілі мен әдебиеті

"Аққулы көлде" - бақылау диктанты, 7 сынып

Мақсаты:  Тақырып бойынша алған теориялық білімдерін тәжірибеде қолдану деңгейін анықтау.  
"Аққулы  көлде" - бақылау диктанты, 7 сынып

Тақырыбы: Аққулы көлде.

Жаз... Жер жүзі көгеріп, жасыл ала жібекке оранып құлпырады. Аққулы көлдің жағасында тізіле қонып алты ауыл жатыр. Жаздың алтын нұры ойнаған шуақ күні еді. Көл мөлдір сулы. Аққулы көлдің жасыл ала қамыстары көк жібекке тіккен жасыл ала өрнекті кесте сияқты. Аққулы көлдің жағасы кілем жайнағандай балбыраған кез еді.
Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Сол жайқында аппақ боп шақиып екі-үш аққу сыланып, ақырын әсем жүзіп көлбеңдейді. Алыста бірнеше аққу ұзын сұлу мойындарын иіп, көл ортасында сыңқылдап, аппақ денесін күміс суға төсеп, әсем нәзік сұлу үнмен сыңқылдап жүзген күміс сызығынан сылдырлап, меруерт, гауһар моншақ тізіледі. Қаңқылдап ұшып-қонған қоңыр қаздар . Шулаған сан жетпес шағалалар. Көлді айнала қорыған қара ала қанат, әдемі айдарлы, сақ құлақ қызғыштар. Көкке шығып, зыр қағып безектеп сұңқылдаған ұзын аяқ , біз тұмсық тауқұдіреттер, тағы да толып жатқан неше түрлі құстар көл басын сұлу күйлі думан қып жатты. (140 сөз)
(С. Сейфуллин)

Тапсырма:
1. Көл ортасында қалың жасыл ала қамыстың айналасы айнадай жалтыраған кең жайқын. Синтаксистік талдау жаса.
2. Етістіктерді теріп жазып, шақ,рай түрлеріне талда.
Пікір қалдыру (0)

Пікірлер: